Accessibility links

Ресей наурыздан бері Солтүстік Кореяға бір млн баррель мұнай тасымалдаған


2024 жылдың наурызынан бері Ресей Солтүстік Кореяға бір млн баррельден астам мұнай тасымалдаған. Спутник суреттерін талдаған британдық Open Source Centre зерттеу орталығы осындай қорытындыға келген. Бұл жөнінде BBC ақпарат агенттігі жазды.

Жетекші сарапшылар мен Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Дэвид Лэммидің пікірінше, Мәскеу осылайша Пхеньянмен жіберген әскері үшін "есептескен". Бұған дейін Ресейге Украинаға қарсы соғысында көмектесу үшін 10 мыңнан астам солтүстіккореялық сарбаз жіберілгені белгілі болған.

Спутник суреттерін талдаған Open Source Centre орталығының мәліметінше, кейінгі сегіз айда 12 солтүстіккореялық танкер Қиыр Шығыстағы ресейлік мұнай танкері мен өз порттары арасында 43 рейс жасаған. Ресейге танкерлер бос күйде барып, тауар толы күйде қайтқан. Алғашқы рейс – 7 наурызда, ең кейінісі 5 қарашада жасалған.

Open Source Centre атап өтуінше, бір млн баррель мұнай – бұл ең кем көрсеткіш, себебі бұлттың әсерінен рейстердің көбін анықтау мүмкін болмай қалған. Мысалы, тамызда сондай себеппен бірде бір рейс тіркелмеген.

"Бұл мұнай санкция салынғалы бері Солтүстік Корея қол жеткізіп көрмеген мұнай" деді Open Source Centre сарапшысы Джо Берн.

Ядролық бағдарламасына қатысты БҰҰ-ның санкциясына ілінген Солтүстік Корея жылына 500 мың баррельден артық мұнай сатып ала алмайды. Ресей күніне 10 млн баррель мұнай өндіреді.

Ресей сыртқы істер министрлігі бұл мәселе жөнінде BBC-ге түсініктеме бермеген.

  • Барлаушылардың дерегінше, Ресейде бірнеше мың солтүстіккореялық сарбаз бар. Пентагон мәліметінше, олардың саны 11 мыңға барып жығылады.
  • Немістің Фридрих Науман қорының есебінше, Солтүстік Корея Ресейге құны 5 млрд доллар болатын қару-жарақ сатқан болуы мүмкін. Оңтүстіккореялық Орталық банкінің дерегінше, Солтүстік Кореяның ЖІӨ 2023 жылы 23,7 млрд доллар болған. Солтүстік Корея әлемде артиллериясы көп елдердің қатарына жатады.
  • БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің санкциясы Солтүстік Кореямен кез келген әскери әріптестік және қару-жарақ саудасына тыйым салады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG