Accessibility links

Ресей Украинаға жаңа зымыранмен шабуылдады, Қазақстан қауіпсіздік шараларын "шұғыл" күшейтпек


Ресей күштерінің шабуылынан қираған үйдің орнында жүрген құтқарушылар. Днепр қаласы, Украина, 21 қараша, 2024 жыл.
Ресей күштерінің шабуылынан қираған үйдің орнында жүрген құтқарушылар. Днепр қаласы, Украина, 21 қараша, 2024 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин бейсенбіде елдің қарулы күштері орта қашықтыққа ұшатын жаңа баллистикалық қару түрімен Украинаға шабуылдағанын мәлімдеді. Ол мұны "америкалық және британдық алысқа ұшатын қаруды" пайдаланған Киевтің әрекетіне қарымта деп атады. Осыдан кейін Қазақстан билігі "Украина төңірегіндегі жағдайдың ушығуына байланысты" елдегі әскери және азаматтық нысандардың қауіпсіздігін күшейту қажеттігін айтты.

ЖАҢА ЗЫМЫРАН ТҮРІМЕН ЖАСАЛҒАН ШАБУЫЛ

21 қараша кешке Кремльдің telegram-арнасында жарияланған видеоүндеуде Владимир Путин Ресей әскері орта қашықтыққа ұшатын жаңа қару түрі – "Орешник" деп аталатын зымыранды Украинаға қарсы қолданып, іс жүзінде сынап көргенін айтты.

Украинаның Днепр қаласына баллистикалық зымыранмен шабуыл жасалғаны 21 қарашада күндіз белгілі болған.

"Ұрыс жағдайында соның ішінде ресейлік орта қашықтыққа ұшатын зымыран жүйесі, бұл жолы ядролық емес дыбыстан ұшқыр баллистикалық ракетасы сынақтан өткізілді", – деп мәлімдеген Кремль басшысы зымыранның бұл түрі нысанаға ядролық оқтұмсық жеткізе алатынын да айтты.

Путин "Орешникті" "Ресейдің әскери зымыран жүйесіндегі орта қашықтыққа ұшатын ең жаңа" гипердыбыстық ракеталарының бірі деп атады. Оның сөзінше, қазіргі кезде "секундына 2,5-3 шақырым жылдамдықпен ұшатын" бұл әскери зымыранға қарсы тұратын қару жоқ.

Ресей президенті қарашаның 19-ы мен 21-і күндері Украина америкалық және британдық әскери ракеталармен Ресейдің Курск және Брянск облыстарындағы нысандарға шабуыл жасағанын айтты.

Киевтің америкалық қарумен Ресей аумағындағы нысаналарға шабуыл жасауға сұраған өтінішіне ұзақ уақыт бойы көнбей келген АҚШ билігі ақыры келісім берді деген ақпарат апта басында тараған. Ақ үйдегі қызмет мерзімі аяқталуға екі айдан аз уақыт қалған АҚШ президенті Джо Байденнің әкімшілігі әлі бұл ақпаратты ресми растаған жоқ.

Бұдан бірнеше күн бұрын Украина қарулы күштері Ресейдің ішкі жағындағы нысандарға АҚШ-та шығарылған ATACMS және британдық Storm Shadow зымырандарымен атқылаған деген ақпарат жарияланған-ды.

Бейсенбідегі мәлімдемесінде Путин Украина әскері Курск облысында әскери командалық пунктті нысанаға алғанын растады. Командалық құрам зардап шеккен жоқ деген Кремль басшысы Украина күштерінің шабуылынан қаза тапқандар мен жараланғандар бар деп хабарлады, бірақ нақты санын айтпады.

Путин Украинаға орта қашықтыққа ұшатын жаңа баллистикалық "Орешник" ракетасын қолданғанын Киевтің шетелдік қаруды пайдаланып жасаған шабуылына қарымта деп атады.

"Путиннің шипажайына" шабуыл, Қырымды қайтару мәселесі
please wait

No media source currently available

0:00 0:08:04 0:00

"Америкалық және британдық алысқа ұшатын қару түрлерін пайдалануға қарымта ретінде 21 қарашада Ресейдің қарулы күштері Украинадағы қорғаныс-өнеркәсіп кешені нысандарының біріне шабуыл жасады", – деді Путин бейсенбі күнгі мәлімдемесінде.

Оның сөзінше, әскери ракета Днепрдегі "Оңтүстік машинақұрылыс зауытын" нысанаға алған. "Сынақ сәтті өтті, нысанаға дәл тиді" деді Путин.

Оның алдында Украина Ресейді әскери-өнеркәсіп кешенінің маңызды өндіріс орындары орналасқан Днепр қаласын құрлықаралық баллистикалық зымыранға ұқсайтын қарумен атты деп айыптаған. 2022 жылғы 24 ақпанда Украинаға қарсы басқыншылық соғыс ашқалы бері Ресей құрлықаралық баллистикалық зымыран түрін қолданған емес. Мұндай зымыран ядролық қарумен шабуыл жасауға арналған.

"2024 жылғы 21 қарашада таңертең Ресей әскері Днепр (аса маңызды инфрақұрылымдар мен нысандарды) әртүрлі зымыранмен атқылады. Мысалы, Ресей федерациясының Астрахань облысы аумағынан құрлықаралық баллистикалық зымыран ұшырылды", – деп хабарлады Украина әскери-әуе күштері Telegram-арнасында

Кейін Украина президенті Владимир Зеленский ресейлік жаңа қару "жылдамдығы мен биікке самғау жағынан [құрлықаралық баллистикалық зымыранға тән] барлық сипаттарға ие" деп мәлімдеді. Бұған қоса, бұл баллистикалық зымынан Астархань облысындағы Капустин Яр полигонынан атылғаны да айтылды.

Украинаның әскери-әуе күштері баллистикалық зымыраннан бөлек ресейлік әскери ұшақтар Украинадағы нысандарға дыбыстан ұшқыр Х-47М2 "Қанжар" ("Кинжал") зымыраны мен жеті бірдей Х-101 қанатты зымыран атқан деп хабарлады. Украинаның әуе шабуылынан қорғаныс күштері Х-101 зымыранының алтауын қағып түсірді деді Киев.

Ресей күштері Украинаның Днепропетровск облысын негізгі нысана етіп алды деп хабарлады аймақ губернаторы Сергей Лысак. "Басқыншылар біздің аймақты ала таңнан бастап төпеп атқылады" деп жазды ол Telegram-арнасына. Лысак алдын ала деректерге сүйеніп, Днепрде өнеркәсіп нысаны бүлінген, екі жерде өрт шыққан деп айтты.

Бұдан бөлек, Полтава облысында да жарылыстар болған деген ақпарат түсті.

Әскери сарапшы Ян Матвеев "Орешник" – ресейлік "РС-26 "Рубеж" әскери зымыран кешенінің өзгертілген нұсқасы болуы мүмкін деп топшылайды.

"Олай болса, бұл жүйе қымбат және көп таралмаған, әдетте мұндай ракеталар жылдар бойы құрастырылады", – деді Ян Матвеев.

Ресей президенті бейсенбі кешке жариялаған мәлімдемесінде Киевпен бірге Батыс елдеріне де қоқан-лоқы жасады.

"Біздің нысандарға қару қолданған елдердің әскери нысандарына қарсы қаруы қолдануға құқымыз бар деп санаймыз. Агрессия күшейген жағдайда батыл әрі тиісінше жауап береміз", – деді Путин.

Британдық BBC медиасы Ресей билігі бұл мүмкіндікті Украина мен оның жақтастарын қорқыту үшін пайдаланбақ деп жазды.

ҚАЗАҚСТАН ҚАУІПСІЗДІК ШАРАЛАРЫН ШҰҒЫЛ КҮШЕЙТУДІ ҰЙҒАРДЫ

Ресей күштері Украинаның Днепр қаласын зымыранмен шабуылдағаннан кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет пен жергілікті әкімдік басшыларына қауіпсіздік шараларын нығайтуды тапсырды. Бұл туралы жұмаға ауған түні Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министрге, президент әкімшілігінің басшысына және күштік құрылымдардың жетекшілері мен барлық әкімдерге Украина төңірегіндегі жағдайдың ушығуына байланысты негізгі әскери және азаматтық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды", – деп жазды Уәли Facebook-парақшасына.

Уәли парламент палаталарының төрағалары қабылданып жатқан іс-қимыл туралы хабардар екенін және "президент елдегі жағдайды бақылауда ұстап отырғанын" айтты.

"Еліміз үшін басты стратегиялық мақсат – тұрақтылықты, тыныштықты, заң мен тәртіп үстемдігін сақтау. Қазақстан славян екі халық арасындағы қақтығысты келіссөз арқылы тоқтату қажет екенін бірнеше рет мәлімдеген болатын", – деді Берік Уәли.

Тоқаевтың тапсырмасынан соң Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов қорғаныс, ішкі істер, төтенше жағдайлар, сыртқы істер, денсаулық сақтау, көлік, энергетика, өнеркәсіп және құрылыс, ұлттық экономика, қаржы министрліктерінің басшыларымен шұғыл кеңес өткізген, бұл туралы 22 қарашада үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

"Премьер-министр қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың стратегиялық және инфрақұрылымдық объектілерді қорғауды қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы мәліметтерін тыңдап, мемлекеттік органдардың іс-қимылдарын күшейтуге бағытталған бірқатар міндеттер қойды. Тұрақтылық пен қоғамдық тәртіпті сақтау, көлік қатынасының қауіпсіздігі, денсаулық сақтау объектілерінің қызметі және басқа да мәселелерге назар аударылды", – деп жазылған ресми ақпаратта.

Қазақстандық журналистер Лұқпан Ахмедияров (оң жақта) пен Рауль Упоров Киевте. 2022 жылғы желтоқсан. Лұқпан Ахмедияровтың архивіндегі фото.
Қазақстандық журналистер Лұқпан Ахмедияров (оң жақта) пен Рауль Упоров Киевте. 2022 жылғы желтоқсан. Лұқпан Ахмедияровтың архивіндегі фото.

Батыс Қазақстан облысында тұратын журналист, "Просто журналистика" YouTube-арнасының авторы Лұқпан Ахмедияров зымырандар шынымен де Ресейдің Капустин Яр сынақ алаңынан ұшырылып жатса, оған көрші жатқан Батыс Қазақстан облысына төнетін қауіпті жоққа шығаруға болмайды деп санайды.

– Полигонды ресейліктер шынымен осылай пайдаланып жүрсе, соғыс бір күні біздің территорияға келеді . Ондай жағдай болуы әбден мүмкін деп ойлаймын... Кейінгі жылдары біздің әскерден көптеген хабар келіп жатыр ғой. Сарбаздар түрлі жағдайда зардап шегіп, қазаға ұшырап, сүйегін үйіне алып келіп жатыр. Біздің әскери күштеріміздің ракеталар мен дрондарды қағып түсіретіндей қауқары бар дегенге өз басым сенбеймін, – деді ол.

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт Ресейдің Қазақстанмен шекаралас аумақтағы нысандарына шабуыл жасалса, қауіпті жоққа шығаруға болмайды дейді.

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт
Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт

– Оны біздің қауіпсіздікке жауапты органдар біліп, сезіп отыр деп ойлаймын. Бірақ қорғаныс шарасын қабылдау болсын, шабуыл болсын – барлығы Кремльдің және Ресейдің қорғаныс министрлігі, қауіпсіздік кеңесі тарапынан қабылданатын шешім болады. Біздің Ақорда болсын, қорғаныс министрлігі болсын бұл шешімдерге қандай да бір ықпалы бар деп айта алмаймыз. Сондықтан, өкінішке қарай, біздің қауіпсіздікке ҰҚШҰ жағынан немесе Ресей-Қазақстан қарым-қатынасынан қарайтын болсақ та, бәрібір біз әскери қорғаныс жағынан Ресейге тәуелді мемлекетпіз, – деді АҚШ-тағы Джордж Вашингтон университетінің стратегиялық коммуникация магистры.

Қазақстан парламенті мәжілісіндегі халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі, депутат Ермұрат Бапи "Ресейдің баллистикалық зымыран қолдануы – соғыстың жаңа фазаға көшкенінің көрінісі" деді. Ол "президенттің қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты тапсырма беруі орынды" деп біледі.

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи
Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи

– Ядролық қарулармен атыс басталатын болса, оның бір шеті біздің Қазақстанды да іліп кетуі әбден ықтимал ғой. Мәселен, Ресейдің Новосибирск, Екатеринбург, Орынбор, Қорған деген әскери маңызы бар қалалары Қазақстан шекарасынан 300-400 шақырым жерде ғана. Бұлар да ертең Украина ракеталарының нысанасы болуы мүмкін. Бұл жағдай болса соғыс Қазақстанның шекарасына жеткені. Осы жағдайда президент Қазақстанның әскери және азаматтық нысандарын бақылауды, халықтың қауіпсіздігін сақтауға, қорғауға байланысты тиісті мемлекеттік органдарға тапсырма берді. Президент Тоқаев сыртқы дипломатиялық саясаты арқылы Ресей-Украина соғысына араласпайтынын, Ресей тарапынан көмек сұралған жағдайда көмек берілмейтінін тапсырмасының астарымен сездірді. Яғни, президент бұл соғыста бейтарап ұстанымда қалатынын кеше жариялаған мәлімдемесі мен тапсырмасы арқылы тағы да бір дәлелдеді деп ойлаймын, – деді мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи.

20 қарашада Қазақстан билігі Украинадағы өз азаматтарына жағдайдың шиеленісуіне байланысты қауіпсіздік мақсатында соғыс болып жатқан аймақтан немесе ол елден шығып кетуге кеңес берген еді. Ресми дерек бойынша, 2024 жылғы 22 қарашадағы жағдай бойынша, Қазақстанның Украинадағы консулдық есебінде 1789 қазақстандық тіркеуде тұр, оның 1193-і тұрақты тіркеуге алынған.

Қазақстан билігі Ресейдің Украинаға басқыншылығын айыптамаған және қолдаған да жоқ. Ресми Астана Мәскеу аннексиялап алған Украинаның аймақтарын Ресейдің жері деп мойындаған емес. Украина мен Ресей арасындағы соғыста бейтарап позиция ұстануға тырысатын Қазақстан бұл мәселеде қандай да бір тарапқа үзілді-кесілді баға беруден тартынады. Әйткенмен 2024 жылы қыркүйекте Германия канцлері Олаф Шольц Астанаға сапармен келген кезде президент Тоқаев "әскери тұрғыда Ресейдің жеңілмейтіні анық" деп мәлімдеді. Ол осы сөзін арадай бір ай өткенде Astana Think Tank форумында да қайталаған.

Ресей мен Қытай тәрізді екі үлкен көршісі бар Қазақстан сыртқы қарым-қатынаста көпвекторлық саясат ұстануға тырысады. Қазақстан бұл екі елмен бірге бірнеше одаққа мүше, экономикалық жағынан да оларға кіріптар, мысалы, Еуропаға шығатын қазақ мұнайының басым бөлігі Ресей аумағынан өтетін құбырмен жөнелтіледі.

Биыл 27 қарашада Ресей президенті Путин Астанаға мемлекеттік сапармен келеді деп жоспарланған. Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұрат Ізтілеу Путиннің бұл сапары екі елдің "көпжақты ынтымақтастығын ілгерлету үшін үлкен маңызға ие" деген.

Мақаланы жазуға Есдәулет Қожекенов атсалысты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG