eGov қосымшасында уақыт белдеуіне қатысты сауалнама пайда болды. "Хронометрика: күнделікті уақытты ұтымды пайдалану" деп аталатын сауалнамада бес сұрақ бар. Арасында "Қазіргі уақыт белдеуі туралы ойыңыз қандай?", "Сізге қай уақыт белдеуі оңтайлы?" деген сияқты сұрақтар да бар.
Бұған дейін үкімет бірыңғай уақыт белдеуіне өту туралы шешімді қолдап, "бұл – ғылыми тұрғыдан дұрыс шешім" деп мәлімдеген.
Десе де, жаңа уақыт белдеуінің қазақстандықтардың денсаулығына әсері жөнінде ғылыми зерттеу жүргізілетіні белгілі болды. Осы аптада ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек оған шамамен 90-100 миллион теңге жұмсалуы мүмкін деп айтқан.
Биыл қаңтарда үкімет "Уақытты есептеу тәртібі туралы" қаулыға өзгеріс енгізіп, Қазақстанды UTC+5 белдеуіне көшіру туралы шешім қабылдаған. 1 наурызда мемлекет бірыңғай уақыт белдеуіне көшті. Үкімет отырысында сөйлеген сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев бұл шешім қабылданатын кезде Қостанай мен Қызылорда облыстары азаматтарының бірнеше жыл бойы осы мәселені көтерген көптеген өтініші ескерілді деді. Шаққалиевтің сөзінше, шешім қабылдайтын кезде арнайы құрылған жұмыс тобының есебінде көрсетілген ғылыми дәлелдер пайдаланылған.
Биыл мамырда бұл шешімге наразылар уақытты бұрынғы белдеуге қайтару туралы петиция жариялады. Тамызда сауда министрлігі "Уақытты кері қайтару" талабымен жариялаған петицияны қабылдамады. Министрлік сағатты артқа жылжыту шешімі денсаулыққа кері әсер етті әрі электр энергиясын бұрынғыдан көп тұтынуға алып келді деген тұжырымдар еш дәлелсіз айтылған деді.
Қоғам арасында бірыңғай уақыт белдеуіне қатысты көп сын айтылған. Tengrinews.kz сайтының жазуынша, Өскемен қаласында тұратын Серікжан Ахметжанов уақытты өзгерту туралы шешімді заңсыз деп тануды талап етіп, Қазақстан үкіметінің үстінен Астананың азаматтық істер жөніндегі сотына шағым түсірген. Ол Қазақстанды бірыңғай уақыт белдеуіне көшіру туралы шешім қабылданғанда халықтың пікірі ескерілген жоқ деп айтқан.
ПІКІРЛЕР