Accessibility links

ҚМГ басшысы Жаңаөзендегі ереуілшілерді жұмысқа оралуға шақырды


"Бұрғылау жұмыстары басқармасы" жұмысшыларының ереуілі. Жаңаөзен, қараша айы 2024 жыл.
"Бұрғылау жұмыстары басқармасы" жұмысшыларының ереуілі. Жаңаөзен, қараша айы 2024 жыл.

"Қазмұнайгаз" ұлттық компаниясының басшысы Асхат Хасенов 22 қараша күнгі брифинг кезінде "компания келіссөзге дайын, тек барлығы жұмысқа оралсын" деп мәлімдеді.

"Біріншіден, барлығын жұмысқа шығуға шақырамыз. Бұл бірінші атқарылуы тиіс шаруа. Менің ойымша, ол жақта рұқсат етілмеген акция жасауға себеп те, негіз де жоқ" деді Хасенов.

Оның сөзінен "Власть" басылымы үзінді келтіреді.

Хасеновтің айтуынша, "жұртқа дұрыс емес ақпарат жетіп отыр", сондықтан мәліметті дұрыс жеткізу керек.

"Біз диалогқа дайынбыз. Жұмысқа барлығы шығуы керек. Егер де қандай да қосымша сұрақтар болса, [талқылауға] дайынбыз" деді ҚМГ басшысы.

Оның сөзінше, "БАҚ және барлық жерде" жұмысшылар қозғап отырған мәселелердің талқыланбағаны жөнінде "дұрыс емес ақпарат" тараған. Оның айтуынша, 14 қарашада ереуіл басталған кезде "жұмысшыларда жеті талап болған, қазіргі кезде төртеуі толық орындалған".

Хасеновтің сөзінше, қазіргі кезде ереуілдің салдарынан тәулігіне шамамен 100 тонна [мұнай] шығын келіп жатыр.

ҚМГ басшысының мәліметіне қарағанда қазіргі кезде ереуілге 140 адам қатысып жатыр. Бүгін таңертең 165 адам жұмысқа шықпаған, алайда түсіндіру жұмыстарынан кейін 19 адам жұмысқа оралған.

Жаңаөзенде 14 қарашадан бері "Өзенмұнайгазға" қарасты "Бұрғылау жұмыстары басқармасы" жұмысшыларының ереуілі жалғасып жатыр. Олар жұмыс берушіден "Өзенмұнайгаздан" зейнетке шыққан және өндіріс салдарынан денсаулығынан айырылған мұнайшылар баласын жұмысқа орналастыруды, 55-58 жастағы жұмысқа жарамсыз болып қалғандар өз еркімен жұмыстан кеткен жағдайда 300 айлық есептік көрсеткіш (АЕК, 1 107 000 теңге – 2214 доллар) өтемақы төлеуді, техниканы жаңартып, операторлар мен машинистер разрядын көтеруді, дербес еңбекақы жүйесіне өтіп, жалақыға салынатын салықты жұмыс беруші төлесін деп талап еткен.

Бір күн бұрын ереуілшілердің бірі Азаттыққа берген сұхбатында "ереуіл жалғасып жатыр, ереуілшілердің саны көбейді" деп мәлімдеген. Ол жіберген видеолардың бірінде ереуілшілер жиналысы кезінде полиция қызметкерлері келіп, кәсіподақ жетекшісіне бір қағаз тапсырмақ болғаны көрінеді. Алайда кәсіподақ жетекшісі одан микрофонмен өзін таныстыруды, не үшін келгенін түсіндіруді сұрайды. Бұдан соң полицейлер кетіп қалады.

Бұған дейін "Өзенмұнайгаз" жұмысшылар талабына жауап ретінде хабарлама таратып, оларды орындау мүмкін емес деп мәлімдеген. Компания жауабында ӨМГ зейнеткерлері мен денсаулығына байланысты жұмысқа жарамай қалғандардың баласын жұмысқа алу Жаңаөзендегі 2020 жылы бекітілген жұмысқа орналасу алгоритмін бұзады деп айтылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG