Ресейдің қайта шабуылының нәтижесінде Украина Курск облысында басып алған жердің шамамен 40 пайызынан айырылған. Бұл жөнінде Украина қорғаныс министрлігінің жоғары лауазымды тұлғасына сүйенген Reuters жазды.
Украина қарулы күштерінде қызмет ететін дереккөздің айтуынша, Ресей Курск облысына шамамен 59 мың әскерін әкелген.
"Біз шамамен 1376 шаршы шақырымды бақылауда ұстағанбыз, ал қазір бұл аумақ азайды. Жау қайта шабуылды үдетті. Қазір шамамен 800 шаршы шақырымды бақылауда ұстап тұрмыз. Бұл аумақты әскери көзқарас тұрғысынан қанша керек болса, сонша ұстап тұрамыз" деді дереккөз.
Ресей қорғаныс министрлігі Reuters-тің сұрақтарына жауап бермеген.
Азаттықтың Украина қызметінің хабарлауынша, Ресейдің Курск облысына шабуылдаған Украина күштері Ресейдің Украина шығысы мен солтүстік-шығысына шабуылын тежеуді, Ресейді әскерін украин жерінен аяқ тартуға мәжбүрлеуді, Киевке ықтимал бейбіт келіссөз кезінде өз шарттарын алға тарту жағынан қосымша тетік беру мақсатын көздеген. Украина президенті Владимир Зеленский жуырда берген сұхбатында Ресей басшысы Владимир Путин украин әскерін Курск облысынан 2025 жылдың 20 қаңтарына дейін – яғни АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп президент қызметіне кіріскенге дейін шығаруды көздеп отырғанын айтқан.
- Украина әскері биыл тамызда Ресейдің Курск облысына кірген. Содан бері аймақта шайқас жүріп жатыр. Оңтүстік Корея мен АҚШ барлаушыларының айтуынша, Ресей Курск облысына шамамен 10 мың солтүстіккореялық сарбазды жіберген. Бір бөлігі сондағы шайқастарға қатысып та үлгерген.