Бұл орденді жазушы Бельгерге Германияның Қазақстандағы елшісі Райнер Шлагетер сәрсенбі күні Алматыдағы консулдықта табыс етті. Марапаттау салтанаты, қаламгердің жеке өтініші бойынша, шағын топтың қатысуымен өтті. Бельгердің өзі бұл сыйлықты шығармашылығына берілген қымбат баға деп есептейді.
- Сыйлыққа Германия президенті қол қойыпты. Орденде екі ел арасындағы достық байланысты дамытқандығы үшін делінген. Демек, менің шығармашылығым Германияға да аз да болса белгілі болуы керек. Мен үшін бұл үлкен мәртебе. Мен оны шын көңіліммен, жақсы қабылдадым. Менің шығармашылық дәрежемді бағалаған сияқты болып көрінеді, - дейді Бельгер.
Қаламгердің айтуынша, Бельгер Германияда екі мәрте ғана болыпты. Бірақ бұл елмен байланыс бір сәт үзілген жоқ дейді жазушы.
- Германиядағы әдебиетті оқимын, байқаймын. Маған бәрі, әсіресе біздің советтік немістер қолжазбаларын жіберіп тұрады. Мен соларға мақала, рецензия жазамын. Демек екі елдің арасында менің аздаған дәнекерлігім бар деген сөз. Соны ескерген болуы керек.
Жазушының айтуынша, бұл орден оның шығармашылық ізденісі үшін берілген қомақты үшінші сыйлық болып отыр. Герольд Бельгер 1994 жылы қазақстандық «Парасат» орденінің алғашқы иегері атанды. Кейін ресейлік "Екатерининская" медалімен марапатталды.
- Менің өкпе-ренішім жоқ. Барлығы - Ресей, Германия және Қазақстан менің еңбегімді бағалаған сияқты.
"НАҒЫЗ ҚАЗАҚ"
Ұлты неміс болса да, Қазақстандағы жергілікті тұрғындар оны «нағыз қазақ» деп атағандығын Бельгер үлкен сыйластықтың үлгісі деп түсінеді.
- «Нағыз қазақ» дегендерге мен кішкене күлімсіреп қараймын. Бірақ мен қазақ ауылында өстім, қазақ мектебін бітірдім, қазақты бір қазақтай білемін. Демек, мені қазақтар сыйласа, мақтаса, тәуір-тәуір сөздер айтса, менің оған еш қарсылығым жоқ. Біреулер: «Бельгер қазақ боламын деп, бола алмай жүрген неміс» деп айтады. Оған да қарсылығым жоқ. Басқа ұлттың өкілі болу қиындау ғой. Дегенмен, қазақ өз қатарына қабылдаса, мен үшін бұл өте үлкен мәртебе, қуаныш. Неміс екенімді білемін. Әрдайым немістігімді алға тартып, оны үлкен дәреже санаймын.
Жазушы әрі аудармашы Герольд Бельгер 1934 жылы қазіргі Ресей аумағында, Повольжье немістерінің отбасында туылған, кішкентай жасынан бастап қазақ ауылында өскен. Қаламгердің айтуынша, Бельгердің неміс және орыс тіліне аударған қазақ шығармаларын 20-25 томға түптеуге келеді.
Қазақстандық белгілі қаламгер Герольд Бельгер «Германия Федеративті Республикасына сіңірген еңбегі үшін» орденімен марапатталды. Жазушы бұл сыйлықты шығармашылығына берілген баға деп біледі.
Ұқсас
Жаңалықтар
Көз сала отырыңыз
-
Азаттық толқынында
Қазақ эмигpанттарды күстәналау. "Жат елдегі" диссидент драмасының бағасы