Батыс Қазақстан облысының сот алқасы 21 жастағы Нариман Рагуфтың қазасына байланысты сот тергеуін қайта жандандырды. Айыпталушылардың арасында № 2 Орал сотының судьясының ұлы 18 жастағы Ержан Қадырбаев және оның досы 20 жастағы Ерназ Сәтпаев та бар. Бірінші инстанциядағы сот оларды "Бұзақылық" және "Адам ұрлау" баптары бойынша кінәлі деп таныған.
Орал соты Сәтпаевты 12 жылға еркіндігінен айырған, ал Қадырбаев 7,5 жыл түрмеге кесілді.
Апелляциялық инстанцияға қорғау тарабының шағымы түскеннен кейін сот тергеуі жалғасты, осы жөнінде Сәтпаевтың адвокаты Нұржан Биғожа өтініш жасаған.
—Апелляциялық шағымда өзім қорғап отырған азаматтың кінәсі жоқ екенін және ақтау керектігін атап көрсеттім. Менің ойымша, ол бұзақылық жасаған, бірақ бұл топ түріндегі бұзақылық. Адам өліміне қатысы жоқ. Ол өз әрекеті үшін жауап беруі керек, – деді адвокат Нұржан Биғожа.
Қорғау жағының айтуынша, олар істегі басты куәгер жәбірленуші Дархан Маемировқа қатысты "Қауіпті жағдайда қалдыру" бабы (119-бап) бойынша қылмыстық істің қозғалуына күш салмақ. Қаза болған Нариман Рагуфтың досы Дархан Маемиров марқұм өлген күні жанында болған.
Апелляциялық сотта Дархан Маемировтан тағы жауап алынды. Оның сөзінше, 2023 жылдың 13 наурызында Сәтпаев пен Қадырбаев түнгі клубтан шыққан Нариман Рагуф пен өзін "әңгіме бар" деп көліктеріне отырғызған. Кәмелетке толмаған Қадырбаев айдаған көлікте жастар бір-бірімен жанжалдасып қалды деп жазылған қылмыстық істе.
Маемировтың сөзінше, өзін және Рагуфты ұрып-соққаннан кейін оларды белгісіз бір жерге тастап кеткен. Нариман Рагуф жүре алмағандықтан Маемиров көмек іздеу үшін оны тастап кеткен. Жәбірленушінің сөзінше, ол кезде екеуінде де телефон болмаған – Маемиров өзінің телефонын барда тастап кеткен, ал Рагуфтың телефонын Сәтпаев пен Қадырбаев тартып алған деп айтылады.
Маемиров берген жауабында бірнеше шақырым жаяу жүріп, қойшының үйіне тап болғанын, біраз уақыттан кейін қайтып келген кезде Рагуфтың денесін полицейлер алып кеткенін айтқан. Ал айыпталушылар Маемировтың жауабы тергеу кезінде, сот тергеуі кезінде де өзгергенін атап өтеді.
Нариман Рагуфтың анасы Назгүл Махмудова сот тергеуін қайта жүргізуге қарсы. Ол үкім оқылған кінәлілер жазасын өтеуі тиіс деп санайды.
Сараптама қорытындысына сәйкес, денесінен пышақ жарақаты мен соққы іздері анықталған Нариман Рагуф гипотермиядан көз жұмған. Эксгумациядан кейін қайта жүргізілген сараптама алғашқы нұсқаны растамаған, жоққа да шығармаған. Бірінші сот отырысында айыпталушылар өздеріне тағылған айыпты мойындамаған.
Оралда жергілікті ақпарат құралдары күдікке ілінген судьяның баласы Ержан Қадырбаев ұсталғаннан кейін көп ұзамай босатылған кезде іс қоғамда дау туғызған. Кейін сот оны қайта қамауға алды.