Ақпанның 6-күні Алматы қалалық ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотында Медеу аудандық прокуратурасының «мемлекеттік құпияны жариялағаны үшін» «Алма-Ата-Инфо» газетін жабу туралы шағымына қатысты соттың кезекті отырысы болып өтті. Сот мәжілісінде газеттің мүддесін қорғаушы жақтың «Алма-Ата-Инфо»-да басылған материалды мемлекеттік құпияға жатқызу-жатқызбау мәселесін анықтау үшін сараптама өткізу туралы өтініші қаралды. Сот төрешісі Гүлшәт Қазымбетова газетті қорғаушылардың өтінішін қанағаттандырмағаны былай тұрсын, өтініштің қайта қаралмауы туралы қаулы етті.
Сот төрешісінің мұндай шешіміне «Алма-Ата-Инфо» газетінің өкілдері риза емес. Өйткені газетті аман сақтап қалу үшін жарияланған материалдың мемлекеттік құпияға жатпайтындығын дәлелдеу керек. Ал сот төрешісінің жұма күнгі қаулысы қорғанудың мұндай тәсілінің түбіріне балта шапқанмен бірдей болып отыр. Соған қарамастан «Алма-Ата-Инфо» газеті күресті аяғына дейін жалғастырмақ ниетте. Жабық жағдайда өтіп жатқан сотта осы басылымның мүддесін қорғаушы Владимир Воевод газетті сақтап қалу үшін барынша күресуге дайын екендіктерін айтады.
- Енді біз сот төрешісін бұл істі қараудан шеттету туралы өтініш түсіріп отырмыз. Біз төрешінің сотқа тән емес әділетсіз шешім шығарды деп есептейміз. Мұндай жағдайда мамандандырылған сот төрағасының қандай шешім шығаратындығын уақыт көрсетер,- деді Владимир Воевод.
Сонымен қатар, «Алма-Ата-Инфо» газетін қорғаушылар Р. Есіргепов жарияланған ақпаратты мемлекеттік құпияға жатқызу-жатқызбау мәселесіне сараптама өткізу туралы өтінішті, сот төрешісінің шығарған қаулысы тиым салатындығына қарамастан, екінші мәрте түсіруге ниет білдіріп отыр.
- Біз тағы да өтініш түсіреміз. Енді бұл мәселені қалалық соттағы аппеляциялық инстанциясы қарайтын болады. Ал сот процесіне қатысу-қатыспау мәселесін содан кейін ойланып көрмекпіз, - деді Владимир Воевод.
Бұған дейін «Журналистер қауіп-қатерде» баспасөзді қорғау қоры мен «Алма-Ата инфо» газеті аталған басылымдағы Рамазан Есіркепов жариялаған ақпараттың мемлекеттік құпияға қатысы бар екеніне күмән келтіретін мәлімдеме таратқан болатын. Бұл туралы Азаттыққа түсініктеме берген «Журналистер қауіп-қатерде» баспасөзді қорғау қорының президенті Розлана Таукина былай деді:
- Мен бұл құжаттарды қызметтік қолданыстағы қағаздар деп есептеймін, бұл құпия болса, сол ҰҚК-нің өзі үшін құпия шығар, бірақ ешқандай да мемлекеттік құпия емес. Егер бұл құжаттар қандай да бір жолмен журналистің қолына түссе, қоғамдық маңызы бар болғандықтан оны жариялауға журналистің құқы бар. Бұл жерде ҰҚК өз жұмысымен айналыспай, қызмет бабын асыра пайдаланып отыр.
Қазақстанда адам құқықтарын қорғау жөніндегі бюросы журналист Р. Есіргеповтың «Алма-Ата-Инфо» газетіне жариялаған ақпаратқа тәуелсіз сараптама дайындады. Бюро қызметкерлері «Р. Есіргепов келтірген ақпараттарды мемлекеттік құпияға жатқызу өте қиын» деген түсініктеме беріп отыр.
Журналист Р. Есіргепов «Алма-Ата-Инфо» газетінде ҰҚК Жамбыл облысы бойынша департаментінің орталық аппаратпен арадағы хат жазысуларын жариялаған. Қазір ол Тараз қаласында тергеу абақтысында отыр, оған қатысты іс әзірше сотқа жеткен жоқ.
Алматы қалалық ауданарлық мамандандырылған экономикалық соты журналист Рамазан Есіргеповтің «Алма-Ата-Инфо» газетіне жариялаған материалына сараптама жүргізу туралы өтінішті қанағаттандырған жоқ. Енді газетті қорғаушылар осындай шешім шығарған сот төрешісінің әділдігіне күмән келтіріп, оны бұл істен шеттету туралы өтініш түсірді.
Ұқсас
Жаңалықтар
Көз сала отырыңыз
-
Азаттық толқынында
Қазақ эмигpанттарды күстәналау. "Жат елдегі" диссидент драмасының бағасы